Биыл бүкіл білім грантының 20% су тасыған өңірлердің мектеп түлектеріне бөлінеді

2024-05-20 10:29:36

Жалпы биыл қанша бала ҰБТ тапсырады

Қолданыстағы ережелерге сәйкес ҰБТ жылына бірнеше рет (қаңтар, наурыз, мамыр-шілде, тамыз) өткізіледі. Негізгісі – 16 мамыр мен 5 шілде аралығында болады.

Биыл мектеп түлектерінің саны 185 мыңнан астам адамды құрайды. Негізгі ҰБТ-ға (мамыр-шілде) екі мүмкіндікті ескере отырып, 330 мыңнан астам түлек қатысады деп күтіледі.

Кесте ұзартылды

– Су тасқынынан Ақмола облысының Атбасар қаласындағы және Атырау облысының Құлсары қаласындағы 2 пункт зардап шекті. Бүгінгі күні осы пункттер басқа ғимараттарға көшірілді. ҰБТ-ны штаттық режимде өткізу жоспарланып отыр.  Бүгінгі таңда 167,9 мың адам, оның ішінде су тасқынынан зардап шеккен 6 өңірден 26 926 адам тіркелген. Осы өңірлердің мектеп түлектері үшін ҰБТ жеке кесте бойынша өткізіледі, мерзімдері ағымдағы жылдың 12 шілдесіне дейін ұзартылады, – деді жауабында Бектенов.

Грант жайлы

Бектеновтың жауабына сәйкес, су тасқынынан зардап шеккен мектеп түлектерін қолдау мақсатында мемлекеттік білім беру тапсырысының жалпы көлемінен 20 % (немесе 12528 грант) мөлшерінде гранттарды квоталау бойынша шаралар қабылданып жатыр. Бұл олардың толық қамтылуын қамтамасыз етеді және даярлықтың барлық бағыттары бойынша конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді делінген жауапта.